2015 жылға қарай КО аясындағы ықпалдасу әсері жиынтығы шамамен 400 млрд. АҚШ долларын құрайды

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ресейлік сарапшылардың бағалауы бойынша 2015 жылға қарай Кедендік одақ аясындағы жалпы ішкі өнімнің қосымша өндірісімен есептелінетін ықпалдасу әсері жиынтығы шамамен 400 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Бұл туралы «Бірыңғай экономкалық кеңістік. Құрылу мәселелері мен болашақ» атты тақырыпта өткен Мәскеу-Астана бейнекөпірі барысында ЕурАзЭҚ сауда саясаты департаментінің директоры Владимир Чушкин мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің перспективалары туралы арнайы зерттеу жүргізген ресейлік Халық шаруашылығын болжау институтының эксперттері осындай қорытындыға келген.

«Бұл орайда ықпалдасу факторлары есебінен Ресей - 16,8, Беларус - 16,5 және Қазақстан 14,7 пайыз қосымша өсім алады», - дейді ол.