2015 жылғы қарашада мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру бойынша аукциондар жүргізілген жоқ - ҚР Ұлттық банкі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2015 жылғы қарашада Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша аукциондар жүргізілген жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«2015 жылғы қарашада Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша аукциондар жүргізілген жоқ.

Сондықтан 2015 жылғы қарашаның соңында Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда өзгерген жоқ және ол 5538,4 млрд. теңге болды», - делінген мәлімдемеде. Сондай-ақ қаржы нарығын реттеуші органның деректері бойынша 2015 жылғы қарашада Ұлттық банк ноттары эмиссиясының көлемі 381,1 млрд. теңге болды. Бұл ретте 7 күндік ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион (90 млрд. теңге) және 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша 4 аукцион (291,1 млрд. теңге) өтті.

Орналастырылған 7 күндік ноттар бойынша тиімді кірістілік 15,74%, 1 айлық ноттар бойынша - 18,45%, 15,97%, 12,65% болды. 2015 жылғы қарашаның соңында айналыстағы ноттар көлемі 291,1 млрд. теңгені құрады.