2015 жылы 1105 қоғамдық және жолаушылар көлігінің қатысуымен 1070 ЖКО орын алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы қоғамдық және жолаушылар көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасында 146 адам қаза болды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті баспасөз қызметінен хабарланды.

«2015 жылы 1105 қоғамдық және жолаушылар көлігінің қатысуымен 1070 ЖКО орын алған, онда 146 адам қаза тауып, 1520-сы жарақаттанған. Олардың көпшілігі автобус жүргізушілерінің кінәсінен жасалған, 9-ы ЖКО болған сәтте алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде болған»,-делінген комитет хабарламасында.

Атап айтқанда, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру саласындағы қауіпсіздік мәселелері 2015 жылдың қарашасында Бас прокуратураның алқа отырысында көтерілген болатын. Осы мақсаттарда қадағалаушы орган жол қозғалысының қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейтуді, заңсыз тасымалдауларды жоюды, автобус жүргізушілерін жолаушыларды тасымалдауға жіберу тәртібін жетілдіруді талап етті. Сонымен қатар, автобус жүргізушілерін дайындау сапасына, автомектеп оқытушылары біліктілігінің ұсынылған талаптарға сәйкестігіне бақылауды күшейту тапсырылды.