2015 жылы 30 мың адамға арендалық пәтер беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы 9 мың арендалық пәтер берiледi. Бұл туралы бүгiн Астанада Орталық коммуникациялар қызметiнде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингi» АҚ басшысы Қуандық Бишiмбаев мәлiм еттi.

Оның айтуынша, 2015 жылдың соңына дейiн арендалық пәтерлердi сатып алу және салу бойынша нақты жоспар жасақталған.

«Холдингтiң еншiлес компанияларымен 2015 жылдың сәуiрiнен желтоқсанына дейiн Астана, Қостанай, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда қалаларында 165 мың шаршы метр болатын 1500 пәтер сатып алады. Сонымен қатар, пәтер кезегiнде тұрған азаматтарға арендалық тұрғын үй құрылысы да жүргiзiлмек. Қазақстан ипотекалық компаниясы бағыты бойынша Шымкентте 2015 жылы сәуiр айында 1080 пәтер пайдалануға берiлсе, тамыз айында 72 пәтерлi үй салынады. Сәуiр айында Астана, Тараз, Орал, Семей, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар қалаларында 1700 пәтер құрылысы басталады. Осылайша, 2015 жылы жалпы сатып алынатын және салынатын арендалық пәтерлердiң 490 мың шаршы метрi шамамен 9 мың пәтер берiлетiн болады. Әр отбасыда орта есеппен 4 адамнан тұратын болса, бұл пәтер тiзiмiнде тұрған 30 мың азамат баспаналы болады деген сөз», - дедi ол.

Оның сөзiне қарағанда, арендалық пәтерлердiң құны шаршы метрiне 800-ден 1100 теңгеге дейiн болады. Оған үстемақы алынбайды және кепiлдiк сұралмайды.