2015 жылы Астана маңындағы Талдыкөл сарқынды су жинақтау орны жойылады

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Алдағы жылдары Астана маңындағы Талдыкөл сарқынды су жинақтау орны жойылады.

Жобаны 2011-2015 жылдар аралығында 5 жыл ішінде іске асыру жоспарланған. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігінен мәлім етті.

Елорданың ресми сайтының жазуынша, 2011 жылы кәріз қалдықтарын тазалауға арналған нысан мен тазарған суды Есіл өзеніне ағызатын коллектор салынған. 2012 жылы құрылыс жобасы жұмыстары аяқталып, тазартуға арналған блоктың құрылысы басталды. Ал биылғы жылы қалдық судың Талдыкөлге құйылуын тоқтатып, тәулігіне 118 мың текше метр су тазалайтын құрылғы салына бастайды.

Бүгінгі күні тәулігіне 136 мың текше метр кәріз қалдығын тазалайтын құрылғының қуаты, 2015 жылға қарай 254 мың текше метрге дейін ұлғаяды. Осы аталған іс-шаралар тазаланған суды тұрмыста пайдалануға жарамды етіп, су жинақталатын орынды жоюға мүмкіндік береді.