2015 жылы бюджеттегі тиімсіз игерілген сома 232 млрд.теңгені құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы республикалық бюджеттің тиімсіз игерілген сомасы 232 млрд теңгені құрады. Бүгін Парламент Мәжілісінде 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін таныстырған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті.

«Тұтастай алғанда бюджеттің игерілуі 99,8 пайызды құрады. Бұл ретте игерілмеген қаражаттың шамасы 7,8 млрд.теңге болса, олардың жартысынан астамы немесе 4,4 млрд.теңгесі ағымдағы жылы ұзақмерзімді жобалар аясында игеру жалғасады», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, игерілмеген соманың негізгі бөлігі Ішкі істер министрлігіне - 3,4 млрд теңгені құраған. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің игермеген қаражаты 0,7 млрд.теңгені, Ұлттық экономика министрлігінің игермеген қаражаты 0,6 млрд.теңгені құрады.
«Біз биыл алғаш рет бюджеттік бағдарламаның тиімсіз игерілген сомасын келтіріп отырмыз. Есеп комитетінің және Ревизиялық комиссияның есебінше, бұл 2015 жылы 232 млрд.теңгені құрады. Осының өзі оның алдындағы жылғы бағалаумен салыстырғанда 42 пайызға төмен. Аталған сома квазимемлекеттік сектордағы қаражат қалдықтарынан, игерілмеген сомалардан, бұзушылықтардан, ішкі қаржылық бақылау арқылы анықталған қаражаттар мен пайдаланылмаған трансферттер мен кредиттерден құралып отыр. Бұл ретте тиімсіз қаражаттың басым бөлігі квазимемлекеттік сектордың шоттарындағы қалдықтарды құрағанымен, олар да алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге азайды», - деді министр.