2015 жылы геологиялық барлау жұмыстарына 3,2 млрд теңге бөлiндi

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы геологиялық барлау жұмыстарына 3 млрд 260 млн теңге бөлiндi. Бұл туралы геологиялық барлау тақырыбына арналған халықаралық форумда Инвестициялар және даму министрi Әсет Исекешев мәлiм еттi.

"2015 жылы республикалық бюджеттен, Ұлттық қордан мұнай мен газды барлау жұмыстарына 3 млрд 260 млн теңге бағытталады. Оның iшiнде екi геотаверс бойынша геофизикалық зерттеу мен екi параметрикалық ұнғыманы бұрғылау жұмыстарына жарату қарастырылған. Мемлекет қаржысы есебiнен атқарылатын барлау жұмыстары инвесторлар бара бермейтiн аз зерттелген жерлерде жүргiзiледi", - дедi ол.

Оның айтуынша, бюджеттiк бағдарламалар оңтайландырылып жатқанына қарамастан, геологиялық барлауға бөлiнетiн қаражат керiсiнше ұлғайған.

"Қазiр жаңа қадамдар жасалуда. Соңғы 2-3 жыл iшiнде геологиялық барлауда бiрқатар оңды шаралар жүзеге асты. Жаңа бағдарлама қабылданды", - дедi ол.