2015 жылы ІЖӨ өсімі болжам бойынша 1,5 пайыз болады - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰЭМ болжамы бойынша, 2015 жылы Қазақстанның нақты Ішкі жалпы өнім өсімі 1,5 пайыз болады. Бұл бұған дейін нақтыланған болжамнан 3,3 пайызға төмен. Сонымен қатар, Ішкі жалпы өнім 2016 жылы - 2,2 пайыз, 2017 жылы 3,3 пайызға, 2018 жылы 3,6, 2019 жылы - 4,1 пайызға болжанып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, болжамға сай 2015 жылы номиналды Ішкі жалпы өнім 41 трлн. 307 млрд 600 млн. теңге шамасында қалыптасады. Ал ол көрсеткіш 2019 жылға қарай 59 трлн 869 млрд 900 млн теңгеге дейiн ұлғаймақ.

«Халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 2015 жылы 12,8 мың долларды құрайтын болады, ал бұл көрсеткіш 2019 жылы 17,6 мың долларға дейiн ұлғаяды», - деді министр Ерболат Досаев.

Сонымен қатар, 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтiк-экономикалық дамуының нақтыланған болжамына тоқталған Ұлттық экономика министрі, мұнай баррелiнiң бағасы 50, 40 және 30 долларға дейiн және металға баға индексi 5 пайызға төмендеуі бойынша Қазақстан экономикасының даму болжамы әзiрленгенін атап өтті. «Бұл ретте барлық үш сценарий бойынша да мұнай өндiру көлемi 2015 жылы - 80,5 млн тонна, 2016 жылы - 80,8 млн тонна, 2017 жылы - 86 млн тонна, 2018 жылы - 90 млн тонна және 2019 жылы - 93 млн тоннаны құрайды. Жалпы, базалық сценарий бойынша 2015-2017 жылдары мұнай бағасының бiр баррелi 80 доллардан 50 долларға дейiн, 2018-2019 жылдары баррель бағасы 60 долларға дейiн төмендейдi деп болжанған», - деді министр.