2015 жылы Қазақ хандығынан сыр шертетін 20 сериялы телехикая түсіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығынан сыр шертетін 20 сериялы телехикая түсіріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Алдағы жылы Қазақ хандығына байланысты ғылыми конференциялар, деректі және көркемдік фильмдер шығады. Оның ішінде Елбасының тапсырмасымен Қазақ хандығына арналған 20 cериялы үлкен телехикая түсіріледі. Қазіргі кезде біздің ғалымдарымыздың анықтауымен тарихымыз анық жолға түскен кезде, әрине, біз оны көркемдік жанрға шығаруымыз керек», - деді министр.

Осы орайда ол бұл бағытта тиісті жұмыстар басталғанын айта келе, «2015 жылдың қаңтарынан бастап бұл сериалдарды түсіруді іске асырамыз», - деді ол.

Айта кетейік, алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты ауқымды шаралар ұйымдастырылмақ. Мерейтойға орай 100-ге жуық ірі шара өткізу жоспарланып отыр.