«Біздің еліміздегі эпизоотиялық ахуал жақсы. Сол себепті Қазақстан биыл қыркүйек айында Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымына (ДЖДҰ) өтінім берген. Енді келесі жылы біз аусылдан таза аймақ-мемлекет мәртебесін (вацинамен де, вакцинасыз да) аламыз деген үміттеміз. ДСҰ ережелері бойынша осындай мәртебесі бар ел ешқандай шектеусіз әлемнің кез келген мемлекетіне ет өнімдерін экспорттай алады», - деп атап өтті ол Парламент Мәжілісінде журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, өтінімге байланысты шешім қорытындылары келер жылдың көктемінде белгілі болады.
«Жауап келесі жылы, шамамен мамыр айында айтылады. Сол кезде жоғарыда аталған ұйымның Ассамблеясы өткізіледі. Онда Қазақстанның аусылдан таза ел ретіндегі мәртебесі жарияланатын болады», - деді Г. Исаева.
Айта кетейік, ДЖДҰ бүкіл әлемдегі жануарлардың денсаулығын бақылайтын үкіметаралық ұйым. Ол Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) рефренттік ұйымы болып табылады.
Қазіргі кезде аталмыш ұйымға 178 мемлекет енген. Ол басқа да халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста болумен қатар, барлық құрлықтарда 12 аймақтық және субаймақтық өкілдіктерін ашқан. ДЖДҰ-ның штаб-пәтері Париж қаласында (Франция). Бұл ұйымды құру туралы халықаралық шешім 1924 жылы 25 қаңтарда шығарылған.