2015 жылы Қазақстанда электрондық коммерцияның үлесі 4 пайызға жетеді

АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - 2012 жылы Қазақстандағы электрондық бизнес 400 млн. долларды құрады.

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы сауда миссиясы (Еуропа-Қазақстан-Азия)» деп аталатын конференцияда айтылды.

«Электрондық коммерцияның үлесі 2012 жылы 0,85 пайызды құрады. Бұл Ресейде 3,5 пайыз, ал АҚШ-та 70,5 пайыз көлемінде. Біздің пайымдауымызша, 2015 жылы Қазақстанда электрондық коммерцияның үлесі 4 пайызға жетеді. Нақты айтқанда электрондық коммерцияның көлемі 2011 жылы 250 млн. доллар болса, 2012 жылы 400 млн. долларға дейін өсті», - дейді Қазақстан интернет қауымдастығы Кеңесінің мүшесі Константин Горожанкин. Оның айтуынша, еліміздегі элекрондық коммерцияның бұдан да қарқынды дамуында негізгі кедергі екеу. Оның біріншісі, банктердің өз карточкаларын интернеттік транзакциялар жүргізуге ашпауы. Көптеген адамдар өз карточкасымен интернет арқылы сауда жүргізгісі келсе, онда «сіз бұл мәселе бойынша банкке хабарласыңыз» деген жазбалар шығады. Сол себепті интернеттегі транзакциялардың 50 пайызы өтпей қалады. Сондықтан олардың көпшілігі банкке барып өтініш жазуға ерінеді де электрондық коммерцияға қайта беттемей кетеді. Екінші мәселе, интернет-дүкендер үшін ешқандай салықтық жеңілдіктің болмауы.