«Өткен жылы автожол жобаларын жүзеге асыруға 300 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жұмыстар 8 жоба бойынша жүргізілді. Бұл тұрғыда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» негізгі жобасы, «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс», «Алматы-Өскемен», «Астана-Петропавл», «Ақтөбе-Атырау» және «Орал-Каменка» жолдары қамтылды. Жөндеу жұмыстарымен 2 мыңға жуық автожол қамтылып, оған 70 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Оның ішінде 80 пайызына жергілікті халық тартылды», - деді А. Беков.
Оның айтуынша, жобаларда қолданылған құрылыс материалдарының 93 пайызы отандық өндірістерден алынды. Жол битумын Қазақстанның 4 зауыты, ал цементті отындық 10 зауыт жеткізіп тұрды.
Жалпы, 2015 жылдың қорытындысы бойынша негізгі жобалар аясында 450 шақырым жолға құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді.
«Ағымдағы жылы бұрын басталған жобаларда жұмыстар жалғасатын болады. Жұмыстармен қамтылатын автожолдың ұзындығы 1,7 мыңнан астам шақырымды құрайды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша «Батыс Еурпа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің толық бойында қозғалысты ашу жоспарланып отыр», - деді ол.
Сонымен қатар «Бейнеу-Шетпе», «Астана-Теміртау», «Қапшағай-Талдықорған» учаскелері бойындағы барлық жолдарды ашу және Ертіс арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтау көзделген. Барлығы, ұзындығы 1 мың шақырымға созылған жолдарда қозғалыс ашу жоспарланған.