2015 жылы Қазақстанда ЖІӨ-нің өсімі 1,5 пайызды құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Қазақстанда ЖІӨ-нің өсімі 1,5 пайызды құрайды деп бағаланып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев айтты.

«ЖІӨ өсімі 2015 жылы 1,5 пайыз деңгейінде болжанып отыр, бұл қарашадағы нақтылаудан 3,3 пайыздық пунктке (п.п.) төмен, ал 2016 жылы 2,2% (3,1 п.п. төмен), 2017 жылы 3,3% (3,4 п.п. төмен), 2018 жылы 3,6% (2,2 п.п. төмен) және 2019 жылы 4,1% (2,4 п.п. төмен) болмақ», - деп түсіндірді ол сенаторларды 2015-2019 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстыру барысында.

Министрдің нақтылауынша, 2015 жылы жан басына шаққанда 12,8 мың АҚШ долларын көрсетіп тұрған ЖІӨ 2019 жылға қарай 17,6 мың АҚШ долларына дейін көбейеді.

«Осыдан шығатыны, 2015 жылғы номиналды ЖІӨ 41 307,6 млрд. теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл қарашадағы нақтыланған көрсеткіштен 2 413,7 млрд. теңгеге төмен және 2019 жылы 59 869,9 млрд. теңгеге дейін көбейеді», - деп толықтырды Е.Досаев.