2015 жылы Қазақстанда жоғары жылдамдықтағы интернетпен еліміздің аумағы 100% қамтылады

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - 2015 жылы Қазақстанда жоғары жылдамдықтағы интернетпен еліміздің аумағы 100% қамтылады, қолжетімділік жылдамдығы дамыған мемлекеттер деңгейінде болады, деп хабарлады ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

«Аталған тапсырманы Байланыс және ақпарат министрлігі телекоммуникациялық компаниялармен біріге отырып жоспарлы түрде, «Жол картасына» сай іске асырмақ.

ИКЖҚ (Интернетке кең жолақты қолжетімділікті) дамытуға бағытталған іс-шаралар жоспары WiMax және FTTH, CDMA-450, 3G және LTE технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын болады.

Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, «Аталған көрсеткішке қол жеткізу жолында Министрлік телекоммуникация операторларына барынша қолдау көрсетуге ниетті» - деп айтып өтті.

Аудан орталығынан бастап облыс орталығына дейінгі барлық елді-мекендер 3G, WiMax және FTTH технологиялары арқылы, ал кішігірім елді-мекендер CDMA-450 және LTE технологиялары арқылы Интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілетін болады», - делінген хабарламада.

«Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, «ИКЖҚ -ті дамыту жобасын жүзеге асырудың арқасында 2014 жылдың соңында абоненттердің жоғары жылдамдықтағы Интернетке қолжеткізуі әлемдегі озық елдердің деңгейіндегідей болмақ».

Қалалық абоненттер үшін 100 Мбит/с, ауылдық абоненттер үшін 20 Мбит/с-ті құрайтын порттық жылдамдыққа қол жеткізетін боламыз. «Порттық жылдамдық» деп желінің техникалық мүмкіндіктерін айтамыз. Интернетке қосылудың орташа жылдамдығы қалалық абоненттер үшін 20 Мбит/с, ауылдық абоненттер үшін 10 Мбит/с құрайтын болады.

ҚР Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділік қызметін үдемелі инновациялық бағытта дамыту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ 2011-2014 жылдар аралығында Астана, Алматы және еліміздің барлық облыс орталықтарында жалпы көлемі 576 портты құрайтын оптикалық желі құрылысын салуды жоспарлап отыр. Бұған қосымша оптикалық желі құрылысы салынып, мәліметтерді беру магистральді желісі жаңғыртылады, сыртқы қосылу көлемін арттырылатын болады. Осы жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру жұмыстарының нәтижесінде 2015 жылдан бастап қалалық және облыс орталығындағы абоненттердің интернетке орташа қосылу жылдамдығы 100 Мбит/с (порттық жылдамдық) жететін болады.

2014 жылдың аяғында ауылдық жерлерге жылдамдығы 0,5 Мбит/с болатын Интернетке кең жолақты қолжетімділік қызметін ұсынудың арқасында оны пайдаланушы абоненттердің қатарын 80 мыңнан асыру, сондай-ақ EVDO технологиясы арқылы қолданыстағы CDMA-450 желісін жаңғырту жоспарлануда. Ауылдық жерлерге Интернетке кең жолақты қолжетімділік қызметін ұсынумен қатар, жылдамдықты 20Мбит/с дейін жеткізуге және болашақта жылдамдықты арттыруға мүмкіндік беретін желіні сымсыз технология негізінде дамыту мүмкіндіктері де қарастырылуда.