2015 жылы Қазақстанның санавиациясы шетелден науқастарды жеткізу үшін 10 ұшырылым жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық қызмет көрсету мақсатында Республикалық санитарлық авиация орталығы 2015 жылы 2149 ұшырылым жасады. 2014 жылмен салыстырғанда ұшырылымдар саны 274-ке немесе 13 пайыздан астам көрсеткішке артты.

«Санавиация мамандары өткен жылдың 12 айында 2704 медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде 2098 науқас тасымалданып, 463-іне кеңес берілді және 143 ота жасалды. Сонымен қатар, 16 донорлық ағза тасымалданып, 1 биоматериал жеткізілді»,-деп атап өтілген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде.

Аталған мерзім ішінде шетелдік емханалар мен медициналық ұйымдардағы ем қабылдап жатқан Қазақстан азаматтарына Астана және Алматы қалаларында емдеу шараларын жалғастыру үшін 10 ұшырылым жасалып, тасымалданды. Осы орайда Бангкоктан (Тайланд) және Сеулден (Оңтүстік Корея) - 2 ұшырылымнан, Бейжіңнен (Қытай), Омбы, Екатеринбор қалаларынан (РФ), Кельннен (Германия), Киевтен (Украина), Бали аралынан (Индонезия) - 1 ұшырылымнан жасалды.

Атап айтқанда, санитарлық авиацияның мобильдік бригадалары балалар жасындағы патология, жарақаттанушылық, қайғылы оқиғалар және уланулар, акушерлік-гинекологиялық патологиялар, қан айналымы жүйесі аурулары, жаңа туған нәрестелердің патологиялары және өзге де аурулар бойынша медициналық көмек көрсетті.

Сонымен бірге, 2015 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында санитарлық авиацияның мобильдік бригадалары әр түрлі жарақат алған 573 пациентке, оның ішінде жол-көлік апатынан зардап шеккен 253 адамға медициналық көмек көрсетті.