2015 жылы машина жасау саласы өнімдерінің жалпы көлемі 1 трлн. теңгеден астам болады

None
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - 2015 жылға қарай машина жасау өнімдерінің жалпы көлемі 1 трлн. теңгеден астам болады деп жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Астанада Машина жасаушылардың форумында ҚР Машина жасаушылар одағының Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев мәлім етті.

«Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде 2015 жылы Қазақстанның машина жасау саласы өнімдерінің деңгейі 558 млрд. теңге болады деп жоспарланған болатын. Алайда 2012 жылы бұл көрсеткіштен біз асып түстік. Біздің жоспарымыз бойынша, 2013 жылы осы саланың өндірген өнімінің жалпы көлемі 800 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде. Ал 2015 жылға қарай 1 трлн. теңгеден астам болатыны болжануда», - деп атап өтті ол.

«Бұл ең бірінші мемлекеттің тікелей қолдауының және отандық машина жасаушылардың ерен еңбегінің арқасы. 2001 жылы осы мәселені қолға алудың алғашқы жылдарында машина жасау саласының жалпы көлемі 45 млрд. теңге болған еді. Қазіргі уақытта ол сапалы даму жолына түсіп келеді. Биылғы жылдан бастап біз жақын 5 жылдың ішінде оның көлемін кем дегенде бірнеше есеге арттырумыз керек», - деді М.Пішембаев.