Вице-министрдің сөзіне қарағанда, моноқалаларды дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі - шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл ретте несиелер бойынша ставкаларды он пайызға дейін субсидиялауға, шағын несеиелер беруге, жаңа өндірістер құру үшін үш миллион теңгеге дейін гранттар бөлуге мемлекеттік қолдаулар қарастырылады.
«Осы бағыт аясында республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 2014 жылғы бюджеттен 4,9 млрд теңге қарастырылған болатын. Ал 2015 жылға 5 млрд теңге көзделіп отыр. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың бірінші қазанындағы жағдай бойынша 979 млн теңге сомаға 437 шағын несиелер берілген, 224 млн теңгеге 93 грант, сонымен қатар 833 млн. теңгенің кредиттері бойынша 267 жобаның пайыздық ставкаларды субсидияланған», - деді Қ. Өскенбаев.
Вице-министр сонымен бірге, Елбасының жақындағы «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары қамтылғанын, осыған байланысты моноқалаларда индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын дамытуға, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударылатынын жеткізді.