2015 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 80 долларға, 2016 жылға қарай 90 долларға болжанды - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат -2015 жылға мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 80 долларға болжанды. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлімдеді.

«Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, келесі жылы әлемдік экономиканың өсімі өсудің ұзақмерзімді орта қарқынының төрт пайызына жақындайды. Қалыптасып жатқан сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, 2015-2019 жылдарға арналған елдің әлеуметтік экономикалық даму болжамының базалық сценарийінің параметрлері қайта қаралды. Бұл ретте 2015 жылға арналған мұнай бағасының болжамды деңгейі барреліне 90 доллардан 80 долларға дейін төмендетілді. 2016-2019 жылдарға арналған мұнай бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде сақталады», - деді министр Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, металл бағасы келесі жылы биылғы деңгейде сақталады, ал 2019 жылға қарай 5,4 пайызға өсуі болжанады.

«Мұнай өндіру деңгейі елімізде бұған дейін мақұлданған көлемде сақталады. 2015 жылы 81 млн 800 мың тоннаны құраса, 2019 жылы 96 млн. тоннаға дейін одан әрі ұлғайтылады», - деді министр Е. Досаев.