2015 жылы Проблемалық несиелер қорына 250 млрд теңге бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Проблемалық несиелер қорына 250 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Оспанов айтты.

«Проблемалық несиелер қорына 205 млрд теңге бөлінді, олар төленбей жатқан несиелердің мәселесін шешу үшін банктерге бөлініп берілетін болады. Бүгінде онда бірқатар ұйымдастырушылық және басқа да жұмыстар атқарылып жатыр, сондықтан аталған қаражат жыл соңына дейін толық игерілетін болады», - деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, ипотекалық несиелерге де 130 млрд теңге бөлінеді. Ол қаражат 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық несиелер алған займшыларға жүктелген ауыртпалықты азайтуға көмектеседі. «Бұл несиелерді жауып беру деген сөз емес, бұл тек несие шарттарын жеңілдетуге көмектеседі», - деп түсіндірді С. Оспанов.

Сондай-ақ, депутаттың анықтап өтуінше, Ұлттық қордан «Бәйтерек» холдингіне бөлінген 100 млрд теңге 2015-2016 жылдарда кәсіпкерлік нысандарын қаржыландыруға арналған.

«Мұндағы 70 млрд теңге облигациялық займ ретінде болады, ал оның 20 млрд теңгесі отандық автоөндірушілерге, 10 млрд теңгесі - тікұшақ жасауға, 5 млрд теңгесі жолаушылар вагондарын шығаруға, ал 35 млрд теңгесі экспортерлерді қолдауға жұмсалады. Яғни, қазір барлық басымдық отандық өндірушілердің ісін дамытуға бағытталып отыр», - деп түсіндірді депутат.

Оның айтуынша, қалған 30 млрд теңгенің 5 млрд-ы бағыттық трансферт ретінде қорды капитализациялауға және оның жұмысының басталуына дейін үлескерлік салымдарды кепілдендіруге, ал 25 млрд-ы 2016 жылы экспорттық қаржыландыруға және қорларды несиелендіруге жұмсалады.

«Жалпы алғанда бағыттық трансферттер 76 млрд теңгеге ұлғайып, барлығы 783,5 млрд теңгені құрайтын болады», - деп атап өтті С. Оспанов.