Қазіргі кезде үйдің төбесі, қасбеті, кіреберістері мен жертөлелері күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік желілері ауыстырылды. Нәтижесінде, тұрғын үйдің келбеті түбегейлі өзгеріп, кіреберістерінің жағдайы жақсарды, ал инженерлік желілері ұзақ уақыт бойы тұрғындарға су мен жылуды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
«ТКШ жаңғырту бағдарламасының қолға алынғаны дұрыс, адамдар оның тиімді әрі ыңғайлы екенін түсінеді», - деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Қазіргі уақытта ТКШ жаңғырту бағдарламасы шеңберінде елордада 20 көппәтері тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Соның ішінде 12 үй Алматы ауданында, 8-і Сарыарқа ауданында орналасқан. Жалпы, пәтерлер саны 1 713 құрайды.
Келесі жылы Бағдарлама аясында күрделі жөндеу жүргізуге (республикалық бюджет есебінен) 31 тұрғын үй өтінім берген. Ал жекелеген жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша (қайтарылған ақшаға) 21 өтінім келіп түскен. Негізінен, 10 тұрғын үйдің лифтісі ауыстырылып, 11 үйдің төбесі жөнделмек.