2015 жылы Ұлттық қордан автожолға 180 млрд. теңгеге тарта қаржы бағытталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Ұлттық қордан автожол жобаларын іске асыруға 180 млрд. теңгеге тарта қаржы бағытталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мәселесіне арналған брифингте ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Марат Құсайынов мәлім етті.

«Бағдарламаның негізгі бағыттарына дәлірек тоқталатын болсақ, біріншісі - көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Автожол саласындағы жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан 301,3 млрд. теңге сомасына қаражат бөлінеді, оның ішінде 2015 жылы - 178 млрд. теңге, 2016 жылы - 123,3 млрд. теңге. Бұл ретте ХҚҰ қарыздары есебінен 6,3 млрд. АҚШ долларын қоса қаржыландыру қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Құсайыновтың сөзіне қарағанда, 2015 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде ірі автожол жобалары іске асырылады, осы орайда «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс» және республикалық маңызы бар басқа жолдарды реконструкциялау қамтылып отыр.

«Шұғыла» қағидаты бойынша өзара бір-бірімен байланысқан елдің әрбір өңірі үшін өнімнің өзіндік құнының көлік шығындарын қысқартудан түсетін экономикалық пайда, өңіраралық тасымалдау жылдамдығын ұлғайту және тиісінше жолға кететін уақыт пен жолды пайдаланушылардың пайдалану шығындарын қысқарту, сондай-ақ ЖКО санын төмендету есебінен жобаларды іске асырудың тиімділігіне қол жеткізіледі. Жобалардың инвестициялық фазасы кезеңінде 200,0 мыңға жуық жұмыс орны құрылады»,- деп атап өтті министрдің бірінші орынбасары.