2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына мемлекеттік аудит жүргізіледі
«Квазимемлекеттік сектордағы әрбір ұйым құрылымында ұйымның алқалық органына тікелей есеп беретін аудитордың сертификаты бар қызметкерлерден тұрақтын ішкі аудит қызметі бар. Ішкі аудит қызметі өздерінің біліктілік дағдыларын арттыру бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізеді. Өз қызметтерінде ұлттық және халықаралық стандарттарды қолданады. Сонымен қатар осы жылдың бірінші тоқсанында Жоғары аудит палатасы 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізуді жоспарлап отыр», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов жауабында.
Оның атап өтуінше, Үкімет квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру үшін кезең-кезеңімен іс-шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, заңнамалық негізде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қоғам өкілдерін тарта отырып, қоғамдық кеңестер құру талабы қойылған.
«Аталған норма енгізілгеннен кейін квазимемлекеттік сектор субъектлерінің қоғамдық кеңестеріне даму жоспарының жүзеге асырылуына, стратегиялық және қаржылық құжаттарға, жылдық бюджеттің орындалуына, қаржылық есеп-қисапқа, өндірістік-шаруашылық қызметке және басқа да мәселелерге мониторинг жүргізу жүктелген», - деді Премьер-Министр.