2016 жыл ең ыстық жыл деп танылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жыл бақылау жүргізіліп келе жатқан 137 жыл ішінде ең ыстық болды. Бұл - климаттың ұзақмерзімді жаһандық жылынуымен байланысты. Мұндай мәлімет бейсенбі күні жарияланған АҚШ-тың теңіздер мен атмосфераны зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасының баяндамасында айтылған.

«Климаттың ахуалы» деп аталатын жыл сайынғы баяндаманы дайындауға 60 елдің 450 ғалымы қатысты. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы ауадағы парникті газдардың шоғырлануы 58 жылда ең жоғары деңгейде болды, деп хабарлайды ТАСС .

Жердің жоғары қабатының температурасы соңғы 30 жыл ішіндегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда бір жылда 0,45 - 0,56 градусқа жоғарылады. Онымен қоса, әлемдік мұхиттың рекордты жоғары деңгейі тіркелді. Ол алғашқы зерттеулер өткізілген 1993 жылмен салыстырғанда 82 мм-ге көтерілді.