«Ағымдағы жылдың басында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары ішінде электр энергетикасы саласына байланысты нақты 2-3 тапсырма болды. Сол тапсырмалар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрініс тапты. Нақты айтсақ, 50-ші қадам электр энергетикасы саласын қайта құру, «бірыңғай сатып алушы» моделін енгізуді қарастырса, 52-ші қадам электр энергетикасы саласына инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізуді көздейді», - деді ол.
Комитет төрағасының атап өтуінше, соңғы 7 жыл бойы елімізде шекті тариф саясаты жүргізілген. Сол саясаттың арқасында энергетика стансаларда күрделі жөндеу жұмыстары тиянақты атқарылып, 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция тартылды.
«Осы уақыт ішінде жұмыс істеп тұрған энергия қуаттарының 5 мың МВт-ына күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша 3 мың МВт-қа жуық энергия қуаты енгізілді. Бірақ, 2015 жылы шекті тариф аяқталады. Сондықтан 2016 жылдан бастап энергетика саласында жаңа нарық енгізіледі», - деді С.Есімханов.
Оның айтуынша, жаңа заң жобасында электр қуатының нарығы мен бірыңғай сатып алушыны енгізу көзделген. Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы үшін, оның ішінде инвестициялық ахуалға да, келеңсіз әлеуметтік-экономикалық салдарға да әкеп соқпайды.