«Медиация институтын дамыту ҚХА-ның басым бағыттарының бірі. Бұл жайында Ассамблея сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Біріншіден, ҚХА кәсіби медиаторлармен сындарлы өзара іс-қимылды қалыптастыру тұрғысында жұмыстарды атқаруда. Сонымен қатар біз даулы жағдайлардың алдын алу мен оларды шешуде барлық құрылымдармен және этномәдени бірлестіктермен медиативтік технологияларды пайдалану тәжірибесін кеңейтуге талпынудамыз. Екіншіден, бүгінде Ассамблея медиациясының жалпыреспубликалық инклюзивті желісі құрылды. Оның құрамына 2 207 Қоғамдық келісім кеңестері, 2 141 Аналар кеңесі, сондай-ақ достық үйлеріндегі 17 медиация кабинеттері еніп отыр. ҚХА Медиация кеңесі құрылып, облыстарда 13 кеңес жұмыс істеп жатыр. Аудандар, ауылдар деңгейінде қоғамдық келісім және медиацияның 1 117 кабинеті жасақталды. Олар өз кезегінде туындайтын мәселелер бойынша мемлекеттің, қоғамдық институттардың және азаматтардың өзара іс-қимылының тірек алаңдарына айналуда»,-деді Тоғжанов.
Оның сөзіне қарағанда, ҚХА медиациясының желісі кері байланыс жүйесінде қызмет етуде. Аталған салада жұмыстың тиісті тәжірибесі жинақталды. Тек 2016 жылы және 2017 жылдың басында елімізде шешілген даулардың саны 9 260-қа жетті.
Шешілген даулардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан (3 287), Солтүстік Қазақстан (1 637), Ақтөбе (1 344) облыстарында тіркелді.
Атап айтқанда, Ассамблея медиаторларының бірыңғай реестріне 3 549 адам енгізілген, оның ішінде кәсіби медиаторлар 971 адам. Мұнымен қоса беделді азаматтар қатарынан ҚХА-ның қоғамдық медиаторлары 2 578-ге жетті.
Белгілі болғандай, сотқа дейінгі талқылау кезінде 3 781 дау шешіліп, соның арасында кәсіби медиаторлар 2 773 талас-тартысты бітімге келтірген. Ал қоғамдық медиаторлар 1 108 даудың бетін қайтаруға қауқарлы болды. Шешімін тапқан мәселелердің негізгі бөлігін әдеуметтік-тұрмыстық, еңбек және азаматтық даулар қамтып отыр.
11:45, 23 Ақпан 2017
2016 жылдан бастап ҚХА медиаторлары 9 мыңнан астам дауды шешті
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚХА медиаторларының арқасында 2016 жылдан бастап 9 мыңнан астам дау-дамай шешілді. Бұл туралы бүгін «Медиация институтының қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық диспут-форумында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.