Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру бойынша Алматы қаласының Алмалы ауданында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында өткен кең көлемді жиналыс барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Камалов мәлімдеді.
«Қазір Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы ҚР Парламентінің Палаталарында мақұлданды. Енді, Елбасы оған қол қойған соң, 2016 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа заң 72 баптан тұрады (ағымдағы заңда барлығы 30 бап бар). Енді жаңа заңның арқасында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес жүргізілетін болады. Мысалы, 2016 жылдан бастап, мемлекеттік қызметке жаңадан келгендер меритократия талаптарына сәйкес, өздерінің мансап жолын ең төменгі лауазымнан бастайтын болады. Олар бұл үшін заңнамаларды білетіндіктері жөнінде арнайы тестілеуден және қызметі бойынша әңгімелесуден өтеді. Ал сынақ мерзімі «3 3» формасында болады. Яғни, үш ай және алты айдан кейін жұмыстарына қатысты қорытынды жасалады», - деді Б. Камалов.
Сонымен қатар, ол жаңа заңға сәйкес қызмет бабымен басқа өңірге ауысқан әкімшілік-мемлекеттік қызметкерлердің өздеріне берілетін қызметтік баспанасын енді жекешелендіре алмайтындығын жеткізді.
«Қазіргі ағымдағы заң бойынша мемлекеттік қызметкерлер өздерінің қызметтік баспаналарын жекешелендіре алады. Ал жаңа жылдан бастап, бұған тыйым салынады. Сондай-ақ, мүгедек, жүкті, қарт ата-анасы, мүгедек баласы немесе 14 жасқа дейінгі баласы бар жалғыз ата-ана болып саналатын мемлекеттік қызметкерлер қызмет бабымен басқа жерге тек ерікті түрде ғана ауыса алады», - деді Б. Камалов.
Бұдан өзге Бақтияр Камалұлы жаңа заң бойынша зейнеткерлік жасқа жеткен мемлекеттік қызметкерлердің қызметтен босатылуы мүмкін екендігін айтты. Алайда, жұмыс беруші онымен бір рет, 1 жыл мерзімге ғана еңбек келісім-шартын жасауға құқылы. Ал ағымдағы заң бойынша бұл еңбек келісім-шартын жыл сайын ұзартуға болатындығы белгілі. Жаңа жылдан кейін бұл мүмкіндік алынып тасталады.
Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес, әскер қатарына шақырылған мемлекеттік қызметкердің жалақысы сақталмағанымен жұмыс орны сақталатын болады. Қазіргі заңда бұл қарастырылмаған.
Тағы да айта кеткен жөн, жаңа жылдан бастап, «Б» корпусының кадрлық резервті қалыптастыру институты таратылады. Ал «А» корпусының кадрлық резервті қалыптастыру институты сақталады.