2016 жылдан бастап студенттер стипендиясы 25 пайызға артады - Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдан бастап студенттер стипендиясы 25 пайызға артады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

Алдағы үш жылда республикалық бюджет шығыстарының басым бөлігі азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыруға негізделеді.

Мәселен, Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттің әлеуметтік саладағы жаңа міндеттемелері 2015 жылы 194 млрд. теңге көлемінде бағаланады. Ал бұның көлемі 2017 жылы 600 млрд. теңгеге дейін ұлғаятын болады.

«Атап айтқанда, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық қызметкерлерге еңбек ақының жаңа моделін енгізуге - 157 млрд. теңге, «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің еңбекақы деңгейінің 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 15 пайыз және 2016 жылғы 1 шілдеден бастап тағы да 15 пайыз көлеммен артуына үш жылдық мерзімде жалпы сомасы 94 млрд. теңге көзделген. Бұдан бөлек, стипендиялардың 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 25 пайыз артуына байланысты қосымша 23 млрд. теңге қарастырылып отыр», - дейді Б. Сұлтанов.