2016 жылдан кейін еліміздің ішкі нарығы толықтай отандық мұнай өнімімен қамтамасыз етіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдан кейін еліміздің ішкі нарығы толықтай отандық мұнай өнімімен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев мәлім етті.

«Өздеріңізге белгілі елімізде Шымкент, Павлодар және Атырау қалаларында мұнай өңдеу зауыттары бар. Осы үш мұнай өңдейтін зауытты жетілдіру жұмыстары аяқталған соң елімізде мұнай өңдеу көлемі 29,4 пайызға артып, 14 млн. 297 мың тоннадан 18,5 млн. тоннаға дейін көбейеді», - деді Е.Мұқаев.

Яғни, сенатордың айтуынша, АИ-92 маркалы бензин өндіру 12 пайыздан 21 пайызға дейін, АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиндер 0,7 пайыздан 10 пайызға дейін артатын болады.

«Осыған байланысты 2016 жылдан кейін еліміздің ішкі нарығы толықтай отандық мұнай өнімімен қамтамасыз етілмек», - деді ол.