Құжатты талқылау барысында депутат Мұрат Бақтиярұлы мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан түсетін өтініштерге назар аударған болатын. «Қазақстанда 1-топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 33 мың 292 теңге немесе 123 доллар. Көрші Өзбекстанда 143 доллар, соғыс жүріп жатқан Украинада 170 доллар, ал Ресейде 209 доллар, Беларусьте 224 доллар, Әзербайжанда 189 доллар екен. Неге мұндай айырмашалық бар?» - деп сұрады сенатор.
Өз кезегінде министр Тамара Дүйсенова Ресей мен Беларусь елдеріне қарағанда Қазақстанның жәрдемақы тағайындау жүйесі әртүрлі екенін алға тартты. «Біз 1999 жылдан бастап мүгедектерге кепілдендірілген жәрдемақы төлеп келеміз. Аталған екі елде бұл зейнетақы түрінде белгіленген, бұрынғы еңбекақыларына қарай есептеледі. Екіншіден, біз мүгедектігі бойынша жәрдемақыны зейнетке дейінгі жасына төлейміз, ал зейнет жасына жеткенде зейнетақы төлейтін боламыз. Бұл жөнінен біз ең төменгі зейнетақы мөлшері бойынша басқа мемлекеттерден жоғары тұрмыз, ал орташа зейнетақы мөлшерінде Ресейден кейінгі екінші орындамыз», - деді Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, елімізде 627 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар, соның 47 мыңға жуығы 1-ші топтағы мүгедек.
«2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз барлық мүгедектігі жөніндегі жәрдемақыны 25 пайызға көтеріп жатырмыз. 2018 жылдан бастап күнкөріс деңгейінің әдістемесінің өзгеруіне байланысты бұл қосымша 18 пайызға артады. Осылайша, түйіндей айтқанда 2018 жылы бұл жәрдемақы бүгінгімен салыстырғанда екі есеге жуық жоғарылайтын болады», - деді Т. Дүйсенова.