Оның сөзіне қарағанда, судьяның моральдық-адамгершілік тұрпатына қоғам талаптарының артуы - кәсіби қызметте, қоғамда, отбасында судьялар тәртібінің этикалық негізін регламенттейтін нормалар мен ережелерді қайта қарастыруды талап етеді. Осы орайда ол 1996 жылы қабылданған кодекс айтарлықтай ескіргенін атап өтті.
Бұл құжат жеті ғана баптан тұрғандықтан, судьялардың этикалық тәртібінің көптеген аспектілерін қамти алмай отыр.
«Сондықтан да қазіргі кезде судьялардың этикалық ұстанымдары мен тәртібі ережелерінің жаңа Кодексін даярлау мен қабылдау өзекті мәселе болып табылады», - деді Сансызбек Райымбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 10 желтоқсанында Судьялар одағаның орталық кеңесі 2016 жылдың маусымында Астанада жетінші кезектен тыс судьялар съезін шақыру туралы қаулы қабылдады. Онда Судьялардың жаңа этикалық кодексін қабылдау жоспарланған. Судьялар одағының орталық кеңесінде Судьялардың этикалық ұстанымдары және тәртібі ережелерінің жаңа кодексі таныстырылған болатын. Құжат жобасы бес тараудан және 33 баптан тұрады.
Қазіргі кезде Кодекс жобасы Жоғарғы Соттың сайтында орналасқан, осы орайда онымен егжей-тегжейлі танысуға болады. Жетінші съезде Кодекстің соңғы редакциясы қабылданады.