2016 жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 6-8 пайызды құрайтын болады - Д. Ақышев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты болды. Онда бас банкир қаржы нарығындағы ахуалға баға берді.

«2016 жылдың басында инфляция деңгейі жоғары деңгейде болады. Бірақ, жыл соңына қарай төмендейтін болады. Яғни, 2016 жылдың төртінші тоқсанына қарай, 8 пайызға жақындайды. Сондықтан, Ұлттық банктің басты мақсаты - инфляцияны жыл соңына қарай белгіленген 6-8 пайыздық дәлізге тұрақтандыру», - деді Д. Ақышев.

Айта кетелік, 2015 жылғы қараша айында инфляция 3,7 пайызды құрады. Өткен жылы осы кезеңде инфляция деңгейі 0,6 пайызды құраған болатын. Ал 2015 жылы қаңтар-қараша айында инфляция деңгейі 12,3 пайыз болды. Өткен жылғы осы кезең аралығында инфляция көлемі 6,9 пайызды құраған еді.