Басылымның деректерінше, аймақтағы алғашқы ғарыш айлағы Әбу-Даби әмірлігінде болмақ. Алаң құрылысына американдық Virgin Galactic пен әмірліктің Aabar Investments компаниялары атсалысатын болады.
Басылым атап өткендей, ғарыш алаңы ашылмас бұрын БАӘ азаматы ғарышқа ұшпақ. Елде жақын арада басталатын байқаудың жеңімпазы құны $250 000 болатын билетке және Virgin компаниясының алғашқы жеке ғарыш командасымен жер маңындағы орбитаға ұшу мүмкіндігіне ие болады.
Әмірліктің Aabar Investments компаниясы Virgin Galactic жеке ғарыш компаниясының 37,8% акциясына ие. Ол бұл жобаны жүзеге асыру үшін $300 млн. астам қаржы құйды. Алғашқы ғарыш кемесі Нью-Мехико штатынан ағымдағы жылдың желтоқсанында ұшады. Қарапайым қызмет пакетіне бес минуттық салмақсыздық күйі мен Жерді 1,6 мың шақырым биіктіктен көру мүмкіндігі енеді, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.