2016 жылы Алматыда өтетін cпорт баспасөзі конгресіне 126 елдің өкілдері қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда өтетін халықаралық конгреске әлемдік спорт баспасөзінің жетекші өкілдері келеді.

«Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының президенті Джанни Мерломен уағдаластыққа қол жеткізілді. Онымен Барселонда кездесіп, Алматыда пікірталас алаңын ұйымдастыруға келістік. Шара ауқымды деңгейде өтеді, оған 126 елдің өкілдері қатысады. Негізінен, Мерлоның таңдауында екі қала болды - Алматы мен Куала-Лумпур. Ол біздің қалаға тоқталды. Енді шараның өтетін уақыты нақтылануда, ол 2016 жылғы қыркүйек не қазан айына белгіленуі мүмкін», - деді «Алматы универсиадасы-2017» мемлекеттік қорының директоры Илья Оразақов.

Сондай-ақ И.Оразақов таяуда Қазақстанда бірін-бірі қайталайтын екі ұйым - Спорт баспасөзі федерациясы мен Спорт баспасөзі қауымдастығы заңды түрде біріктірілетінін айтты, деп жазады vesti.kz. «Қыркүйекке дейін бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. Біздің соңғы қорытынды отырысымыз Астанада өтеді, содан кейін меморандумға қол қойылып, екеуі бір құрылымға бірігетін болады», - деді қор басшысы.