2016 жылы Астанада туберкулезге қарсы 500 орындық диспансер салынады - Е. Бөлекбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Астана қаласы Алматы ауданында 1500 орынға арналған жаңа колледждің құрылысы аяқталады және туберкулезге қарсы 500 орындық диспансер салынып бітеді. Бұл туралы бүгін аудан халқының алдында есеп беру кездесуін өткізген Алматы ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев мәлім етті.

«Елбасы Н.Назарбаевтың әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы жарлығына сәйкес, осы күндері бүкіл республика бойынша барлық деңгейдегі әкімдер атқарған жұмыстары туралы халық алдында есеп беруде», - деген аудан әкімі өткен жылдың қорытындысына тоқталды.

«Бүгінде «Алматы» ауданы территориясында 199 құрылыс нысанының құрылысы жүргізілуде. 2015 жылы 12 көппәтерлі тұрғын үйдің, Манас көшесіндегі Онкология диспансеріне қапасарыла салынған ғимараттың, А. Байтұрсынұлы көшесіндегі 1200 орындық мектеп, Айнакөл көшесіндегі 240 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды. Осылайша, қолдануға берілген ғимараттардың жалпы аумағы 561 663 шаршы метрді құрады»,-дейді аудан әкімі.

Е.Бөлекбаевтың хабарлауынша, қазір 76 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұл тұрғын үйлердің жетеуі мемлекеттік бағдарлама аясында, 2-уі «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында, 67-сі коммерциялық көпқабатты тұрғын үй кешендері екен.

«2016 жылы 6 білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Атап айтсақ, Астана-Қарағанды тас жолындағы 1500 орындық әлемдік деңгейдегі колледж, «Теміржол» тұрғын алқабы маңындағы 500 орындық туберкулезге қарсы диспансер, әрқайсысы 525 орындық № 16, 22, 32 және 37 мектептеріне қапасарыла санылып жатқан ғимараттардың құрылысы аяқталады», - деп хабарлады ол.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы, «Алматы» ауданының жалпы аумағы 21 054 гектар жерді құрайды. Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштерінің ақпаратына сәйкес 2015 жылдың 1 желтоқсанына аудан халқының саны былтырғы жылмен салыстырғанда 1 пайызға өсіп, 381 527 адамды құрады.