«Билет бағасының жоғарылауы, көрсетілмеген қызмет үшін қаражатты қайтармау, рейстердің кешігуі, жүктің жоғалуы азаматтардың наразылығын тудырып жатыр. Биыл әуе билеттерінің құны орташа есеппен 40%-ға жоғарылап отыр. Кейбір бағыттарға тіпті 77% өскен», - деді Аманов ҚР Бас прокуратурада өткен алқа мәжілісте.
Әуе билеттерінің осылайша күрт өсуіне қатысты антимонополиялық орган тергеу жүргізуде, деді прокурор.
«Тергеу нәтижелері тасымалдаушылардың бұл іс-әрекеттерінің қаншалықты дәлелді екенін анықтап береді», - дейді Аманов.
Сонымен қатар ол қолданылмаған билеттердің ақшасын қайтаруға қатысты мәселені де көтерді. Оның айтуынша, кейбір компаниялар ұшырылымға бір сағат қалғанда қайтарылған билеттер құнының 50%-ын қайтармайды. Бұндай заңсыздықтарды болдырмау мақсатында прокурорлар арнайы шаралар қабылдайтын болады.
«Басқа арыз-шағымдар жүктердің жоғалып кетуіне қатысты болып отыр. Биылдың өзінде жүктің келмеуіне қатысты 800 оқиға тіркелген. Ондағы 24 оқиға бойынша жүк әлі табылған жоқ», - деді Аманов.