2016 жылы елімізде 74 млн. тонна мұнай өндіру болжанады - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы елімізде 74 млн. тонна мұнай өндіру болжанады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,5 пайыздық деңгейге өсетіні болжанады. 2016 жылы өнеркәсіп өндірісі 2,0 пайызға төмендеуі де қарастырылған.

«Бұл негізінен тау-кен өнеркәсібінің 5, қайта өңдеу өнеркәсібінің 1,4 пайызға қысқаруы салдарынан орын алмақ. Сонымен қатар, 2016 жылы елімізде мұнай өндіру 74 млн. тоннаны құрайтын болады. Ал Ұлттық банктің болжамы бойынша 2016 жылы инфляция 6,0-8,0 пайыз дәлізінде болжанады. Бұл бұған дейінгі бекітілген көрсеткішке сай келеді», деді Е. Досаев.