2016 жылы Қазақстан 24 мың тонна уран өндіруді көздеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстан 24 мың тонна уран өндіруді көздеуде. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

«2015 жылы уран өндірісі 23 мың 805 тоннаны құрады. 2016 жылдың 4 айы ішінде 8,1 мың тонна уран өндірілген. 2016 жылы 24 080 тонна уран шығару жоспарда бар», - деп хабарлады ол.

Энергетика министрі Қазақстан уран өндіруде әлем бойынша көшбасшы ел екендігін еске сала кетті. Қазіргі уақытта әлемдегі уранның 40 пайызы Қазақстан жерінен шығып отыр. Шикізаттың өзге түрлеріне қарағанда, уранның бәсі жоғары болмақ және даму әлеуеті де мықты.

«Сондықтан біз бұл саланы сақтауымыз керек. Көшбасшылығымызды нығайта отырып, реакторлы-ядролық отын цикліне дейін әртараптандырылған, атом өнеркәсібінің көлденең ықпалдастырылған кәсіпорындар кешенін құруымыз керек», - деді министр.