Бұл туралы бүгін ҰҚК Лаңкестікке қарсы орталықтың штаб басшысы Сергей Швейкин мәлім етті.
«Былтыр Қазақстан үшін оңай соққан жоқ. Жалғыз әрекет ететін жихадшылар пайда болды. 2016 жылы Қазақстанда 12 экстремистік акция бастапқы кезеңде анықталып, дер уақытында үлкен қайғының алды алдық. Лаңкестік баптар бойынша 182 адам сотталды. Халықаралық лаңкестік топтарды қаржыландырғаны үшін Қазақстанда 3 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді ол Бас прокуратурада лаңкестікпен күрес мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстелде.
Сонымен қатар елімізде 5 шетел экстремисі ұсталып, елдеріне экстрадицияланған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шет мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз ақпараттық байланысы арқасында елімізде 14 халықаралық лаңкес ұсталды.
«Халықтың қырағылығы күшейгені 7 ай бойы лаңкестік қауіптің «сары» деңгейі енгізілген кезеңінде анық байқалды. Азаматтардың ақпараттық белсенділігі екі есе артты, ай сайын біз күдікті заттар мен лаңкестікке дайындықтың белгілері туралы 50-ден астам хабарландыру алып отырдық», - дейді Швейкин.