2016 жылы киіктердің жалпы саны 108 мыңнан асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы киіктердің жалпы саны 108 мыңнан асты. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарланды.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның биоəртүрлілікті сақтау қауымдастығы және «Қазавиақұтқару» АҚ-мен бірлесіп, Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциясының киіктеріне жасалған әуе санақтың нәтижесі бойынша, 2016 жылы киіктердің жалпы саны 108300 болды. Атап айтқанда, Бетпақдала таралымдарының саны 36200, Орал таралымы 70200 және Үстірт таралымы 1900 құрайтыны анықталды»,-делінген ведомство мәліметінде.

Белгілі болғандай, 2014 жылы заңсыз киік аулаудың, сондай-ақ, олардың мүйізін сату және сатып алудың 79 фактісі, 2015 жылы - 107 факті, ал 2016 жылдың 5 айы көлемінде 33 факті тіркелген.

«Киіктерді сақтау жолында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті нақты іс-әрекеттермен қатар халықаралық ынтымақтастық жолында жұмыс жасауда. Мысалы, Ресей Федерациясымен және Өзбекстан Республикасымен, Түркіменстанмен киіктерді сақтау жөніндегі келісімге қол қойылған. Киіктерді сақтау жөніндегі халықаралық келісім көршілес республикалардың аумағын қамтитын киіктердің таралым аймағына негізделіп жасалған. Бүгінде браконьерлікпен қарсы күресті күшейту үшін «Охотзоопром» ӨБ» базасында заманауи көлікпен қамтамасыз етілген, тәжірибелі инспекторлардан құрылған 4 арнайы мобильдік топ жұмыс істейді»,-дейді министрлік өкілдері.