2016 жылы Оңтүстік Қазақстанда 25 елді мекенге газ тартылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 25 елді мекен газбен қамтылады.

Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Алдымен облыстағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы атқарылған істерге тоқталған Ұ. Сәдібеков, ОҚО-да барлық қаржыландыру көздері есебінен 243 тұрғын үйдің (7 833 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатқандығын xабарлады. Бұл былтырға қарағанда, 1,2 есеге көп. Жыл басынан барлық қаржыландыру көздері есебінен 322 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халық қаражаты есебінен 146,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның көлемі 1,4 есеге артып отыр.

"Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 27 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, 25-і пайдалануға берілген болатын. Оның ішінде су құбыры мүлдем жоқ 7 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры жүргізіліп, 14 елді мекенде тозығы жеткен құбырлар жаңартылады", - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, Ұ. Сәдібековтің айтуынша, ағымдағы жылы 33 газ нысандарының құрылысы жүргізілуде.

"Жылдың қорытындысы бойынша, 25 елді мекен газдандырылып, нәтижесінде табиғи газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 293-ке жететін болады. Бұл да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атқарылатын игі істер болмақ", - деді ол.