2016 жылы «Талдықорған-Өскемен», «Алматы-Қапшағай», «Үшарал-Достық» жолдарының құрылысы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы «Талдықорған-Өскемен», «Алматы-Қапшағай», «Үшарал-Достық» автожолдарының құрылысы басталады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, 2015 жылдың қорытындысында 618 шақырым автомобиль жолының құрылысы аяқталып, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасы аясында Шымкент пен Тараз арасында қозғалыс жанданады. «Алматы-Қапшағай», «Астана-Теміртау», «Орталық-Шығыс» жобаларының 9 учаскесі пайдалануға беріледі.

«2016 жылы 9 жобаны жүзеге асыру үшін 240 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. 2016 жылдың қорытындысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Бейнеу-Ақтау», «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай-Талдықорған», «Астана-Петропавл» жобаларын толық аяқтау жоспарлануда», - деді Ә.Исекешев.

Министрдің айтуынша, «Қазавтожол» компаниясы Қытайдың Эксимбанкінен қаржы тарту арқылы мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде «Талдықорған-Өскемен», «Алматы-Қапшағай», «Үшарал-Достық» сынды жобалар жүзеге асырылмақ.

«Бұл жобалардың жалпы ұзақтығы 1,5 мың шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталады», - деді ол.