2016 жылы жаңа «Тұлпар-Тальго» вагондары шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы жаңа «Тұлпар-Тальго» вагондары шығарылады. Бұл туралы бүгін ҚР ОКК-де өткен брифингте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Мамин мәлім етті.

«Тұлпар-Тальго» вагондарының тарлығына байланысты сын айтылуда. Осыны ескере отырып, жолаушылар вагонының жаңа жобасы әзірленді. Келесі жылдан бастап шанағы 30 сантиметрге кең вагондар жасалады. Яғни, біз 2016 жылы Астанадағы зауытымыздан вагондары кең бірнеше құрамды шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

«ҚТЖ» басшысының атап өтуінше, компания 2017 жылдан бастап «Астана-Үрімші» бағытында күн сайын қатынайтын жүрдек пойызды жолға шығаруды жоспарлап отыр.

«Ол «Астана-Алматы-Үрімші» бағытында қатынайтын болады. Олар да «Тұлпар-Тальго» пойызы болады. Жүрдек жолаушылар қозғалысын дамыту аясында үлкен жоспарларымыз бар. Осы жоспарға сәйкес жыл сайын бағдарлар санын арттырып, қызмет көрсетуді жақсарта түсетін боламыз», - деді А.Мамин.