2017 жылдың 5 айында экономикалық өсім 4,1 процентті құрады - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 5 айында экономикалық өсім 4,1 процентті құрады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізу барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы сыртқы жағдайдадың жақсара түсуіне байланысты экономикалық белсенділіктің және экономиканың шынайы секторларындағы көрсеткіштердің жақсаруы байқалады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес биылғы жылдың 5 айындағы елдің экономикалық өсімі 4,1 процентті құрады. Ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде 0,2 процентке құлдырау байқалған еді», - деді министр.

Оның айтуынша, экономика өсіміне өндіру және өңдеу өнеркәсіптері, құрылыс пен көлік салалары үлес қосуда. 5 айдың ішінде ауыл шаруашылығы 2,7, сауда 2,6, байланыс 2,4 процентке өсіп отыр.

«Экономикалық өсімнің оң қарқынын қолдаудағы басты шарттардың бірі инвестициялық белсенділіктің артуы болды. Ағымдағы жылдың 5 айында негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 5,2 процентке өсті», - деді Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, еліміздің сыртқы сауда айналымы сұраныстың қайта жандануына және осы жылдың қаңтар-сәуір айларында келісімшарт бағаларының өсуіне байланысты 25,7 процентке артқан. Оның ішінде экспорт 34, ал импорт 13,1 процентті құрайды.

«Сыртқы сауда айналымында да оң сальдо байқалады. Ол 6,6 млрд. доллардан асып, 1,7 есе өсті», - деді ол.