Еске салайық, заң жобасы Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың жедел төлемдер операторларының қызметін реттеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметовтың айтуынша, заң жобасы арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібі айқындалатын болады.
«Төлем қызметтерін, тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған жаңалықтар қамтылып отыр. Мәселен, егер заң жобасы қабылданса банктердің төлемдерді орындау мерзімі қысқартылады. Атап айтқанда, қазіргі күні еліміздегі екінші деңгейлі банктерде төлем орындау мерзімі төрт күнге дейін созылып отыр. Ал құжат қабылданса, бұл мерзім екі күнге дейін қысқарады. Сонымен қатар, 2017 жылдың маусымынан бастап банктер төлемдер мен ақша аударымдарын күнбе-күн жасауға міндетті болады», - деді Алпысбай Ахметов.
Оның сөзіне қарағанда, екінші деңгейлі банктер қызметінде ақша және төлем аударымдарын жеделдету қарапайым халыққа да, бизнеске де аса тиімді.