2017 жылдың соңына дейін еліміздегі әуежайлар толығымен қайта жаңғыртудан өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың соңына дейін еліміздегі әуежайлар толығымен қайта жаңғыртудан өтеді. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында мәлім болды.

Еске салайық, отырыста халықты сапалы авиатасымал қызметімен қамтамасыз ету мәселелері қаралған болатын.

Көлік және коммуникация министрлігінің ұсынған мәліметтеріне қарағанда, елімізде қызмет көрсететін 18 республикалық және облыстық маңызы бар 13 әуежайдың ұшу-қону алаңдары жаңғыртылған. Бұған қоса, биылғы жылы жаңғырту жұмыстарын Орал және Петропавл әуежайларында жүргізу жоспарлануда.

«Ал 2017 жылдың аяғына дейін республикамызда қалған 3 әуежай, яғни Семей, Қостанай және Өскемен қалаларындағы әуежайлар жаңғыртылады. Қазіргі уақытта 9 әуежай терминалы жаңартылған, қалған әуежайларда мұндай жұмысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану арқылы іске асыру жоспарлануда. Мұның сыртында, республика әуежайларындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін халықаралық талаптарға сәйкес келетін әуежайлардағы Жолаушыларға қызмет көрсету ережелері бекітіледі», - делінген министрлік ұсынған мәліметтерде.