2017 жылдың тамызында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының кезекті отырысы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығы кезекті ХVІ отырысын 2017 жылдың 9 тамызында өткізеді. Бұл туралы бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен хатшылықтың ХV отырысында Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

«Әлемде қордаланған мәселелер аясында Астанадағы съезд жаһандық-рухани дипломатияның маңызды институтына айналуда. Атап айтқанда, бұл бағыттағы жұмыстарға діни көшбасшыларды белсенді жұмылдырмаса, зорлық-зомбылықты жою мен қауіпсіз әлемді құру мүмкін емес екенін айқын көріп отырмыз. Осы ретте «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде әлемдік қоғамдастыққа ұсынған Қазақстан Президентінің идеяларына сіздердің назарларыңызды аударғым келеді. Мәселен, діни көшбасшылар ядролық қарусыздану мен оны таратпау мәселелері бойынша бірлескен қадамдарды әзерлей алады», - деді Қ. Тоқаев.

Ол өз сөзінде бүгінгі отырыс барысында маңызды мәселелер талқыланғанын, сонымен қатар 2018 жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VI съезінің негізгі тақырыбы бекітілгенін еске салып өтті.

«Бұл тұрғыда хатшылық съездің тиімді диалог алаңы болып отырғаны маңызды деп санайды. Осында әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері бірлесе отырып жұмыс істеп, өзекті тақырыптарды анықтап, сындарлы идеялар мен ұсыныстарды ортаға салады», - деді Сенат төрағасы.