2017 жылға дейін 90 849 ш/м апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу жоспарланған - Павел Кулагин (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сарыарқа» ауданының әкімі Павел Кулагиннің №49 мектепте өткен есеп беру кездесуіне «Өндіріс» тұрғын алабының 200 астам тұрғыны келді. Кездесуге Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов қатысты.

Павел Кулагин өткен жылдың қорытындысын шығарып, аудандық коммуналдық қызметтердің жұмысына, абаттандыру мен кәсіпкерлікті дамытуға тоқталды. Тұрғындар өз сауалдарында көшені жарықтандыру, жол жөндеу, су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және жолаушылар тасымалдау мәселелерін көтерді. Қала тұрғындарын мазалайтын басты мәселелердің бірі - ескі үйлерді бұзу және оның орнына жаңадан пәтер алу.

«Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасын іске асыру аясында «Астана қаласында апатты жағдайдағы үйлерді бұзу бойынша пилоттық жобаға сәйкес, 2013-2017 жж. жалпы ауданы 90 849 шаршы метрді құрайтын апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу жоспарланған, бұл 2 073 пәтер», - деді «Сарыарқа» ауданының әкімі Павел Кулагин.
Сонымен қатар, кездесу барысында аудан тұрғыны мектептің жанынан спорт алаңын жасап, қыста оның орнына мұз айдынын салуды ұсынды. Павел Кулагин бұл идеяны құптап, жобаны іске асыратын ұйымдастырушыны табуға уәде берді.