«Біздің 3373 бөлімшеміз бар, олардың 70 пайызы ауылда, шалғай елді мекенде, 30 пайызы қалалық жерде орналасқан. Олардың жұмыстарын дұрыстап ұйымдастыру үшін ортақ жүйеге қосу қажет. Ақпараттық ортақ жүйе болмаса, олардың жұмысын бақылау, қадағалау қиындыққа түседі. Бүгінгі таңда осы бөлімшелердің 67 пайызын байланыс тораптарына қостық. 2017 жылға дейін барлық бөлімшелер 100 пайыз байланыс торабына қосылады», - деді Б.Мусин.
Оның атап өтуінше, «Қазпошта» штатында бүгінгі күні 22 800 жұмысшы бар. Олардың 6 мыңға жуығы пошташы, 3300-і оператор, қалғандары сұрыптаушы, жүргізуші-инкасатор және басқа да қызметкерлер.
«Штатымыз үлкен болғандықтан бізге әлеуметтік тұрақтылық керек. Осы әлеуметтік тұрақтылықты айқындайтын «Самұрық-Қазына» қорының арнайы рейтингісі бар. Сол рейтингке сәйкес компаниядағы әлеуметтік тұрақтылық 2013 жылы 55 пайызды құраса, ал 2014 жылы 12 пайызға өсіп, 67 пайызға дейін жетті. Әрине, бұл 100 пайыз емес. Дегенмен, сарапшылар әлеуметтік тұрақтылық динамикасы бар екендігін, осы динамиканы сақтайтын болсақ, онда әлеуметтік тұрақтылық бар деп есептеуге болатынын айтты», - деді «Қазпошта» басшысы.