2017 жылға қарай еліміздегі экономикалық белсенді халық саны 9,5 млн. адамға жетеді

None
АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігінің тапсырысымен «Болжам Қазақстан» ЖШС Қазақстандағы еңбек ресурстарының есептік және болжамдық теңгерімін жасаудың әдістемесін әзірледі.

Ондағы мақсат, еңбек ресурстарын қалыптастыру, бөлу және пайдалану үдерісін бағалаудың тиімділігін арттыру.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Дәулет Арғындықовтың айтуынша, 2014 жылдан бастап еңбек ресурстарының теңгерімі негізінде министрілікте еңбек нарығын дамытудың бесжылдық болжамы әзірленбек. Еңбек ресурсының теңгерімі аумақтағы еңбек күшінің әлеуетін бағалау құралы болып есепетеледі және сол еңбек күшінің қалай пайдаланылатыны туралы мәлімет беретін ақпарат көзі болып табылады. Бұдан бөлек, экономика министрлігі әзірлеген 2013 - 2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму сценарийіне орайластырылған.

«Сонымен, базалық сценарий бойынша 2013-2017 жылдар аралығында Қазақстанда экономикалық белсенді халықтың қарасы орта есеппен 127,8 мыңға өсіп, 2017 жылға қарай олардың жалпы саны 9,5 млн. адамға жетеді деп болжанып отыр. Бұл ретте елдің жекелеген өңірлерінде халық санының азаюына байланысты белсенді халық саны да қысқаратынын немесе шамалы ғана өсім болатынын атап өткен жөн. Мұндай өңірлерге Ақмола, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары жатады», - делінген хабарламада. Экономика мен экономикалық белсенді халық санының өсуі себебінен 2017 жылға таман жұмыспен қамтылғандардың саны 9,16 млн. адамға дейін жетуі ықтимал. Мысал үшін, 2012 жылғы 3 тоқсанда олардың қатары 8,54 млн. адамды құраған. Екі қолға бір күрек тапқандардың қарасы республиканың әр өңірінде әркелкі болады. Бұл аймақтардың демографиялық үдерістеріне және даму көрсеткіштеріне байланысты. Жұмыспен қамтылғандардың біршамасы Астанада байқалады (2017 жылға 107 мың адам), ең азы Солтүстік Қазақстанда (2017 жылға 2,7 мың адам).

Жұмыспен қамтылғандарды экономикалық қызмет түрлері бойынша бөлу құрылымында айтарлықтай өзгеріс күтілмейді.

2013-2017 жылдары соңғы он жылдықта қалыптасқан экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыспен қамтылғандарды бөлу құрылымын өзгерту үрдісі сақталады.

Сонымен қатар, болжам бойынша ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандардың үлесі төмендей бермек (2011 жылы 26,5%-тен, 2017 жылы 23%-ке дейін). Бұдан бөлек, болжамдарға сай мынадай қызмет түрлері бойынша жұмыспен қамтылғандардың үлесі азаятыны болжанады:

- «Өңдеуші өнеркәсібі» (2011 жылы 6,5%-тен 2017 жылы 6,2%-ке дейін);

- «Көлік және қоймаға қою» (2011 жылы 6,6%-тен 2017 жылы 6,4%-ке дейін);

- «Көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдер жөндеу» (2011 жылы 14,9%-тен 2017 жылы 14,6%-ке дейін).

Ал, мына салада жұмыспен қамтылғандардың үлес салмағының артады деп күтілуде:

- «Қаржы және сақтандыру қызметі» (1,4%-тен 2%-ке дейін);

- «Ақпарат және байланыс» (1,5%-тен 1,9%-ке дейін)

«Жалпы ел экономикасының дамуына байланысты еңбек ресурстарын пайдаланудың тиімділігі артады, ал өз өзін жұмыспен қамтушылар саны 2,4% төмендейді», - дейді сарапшы мамандар.