2017 жылғы бюджетте педагогтардың жалақысын көтеруге мүмкіншілік бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері еліміздің Министрлер кабинеті Үкімет үйіне министрлердің бірін шақырып, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатын өткізуді жолға қойған болатын. Осы аптаға дейін Үкімет үйіндегі мұндай мәслихатта біраз министр келіп, БАҚ өкілдерінің барлық сауалдарына тұщымды жауап беріп те үлгерді. Ал бұл жолы телеарналар арқылы тікелей эфирден көрсетілетін аталған шараға алдымен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, одан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысты.

Баспасөз мәслихаты барысында Ерлан Сағадиев білім министрлігіне ешқандай командасыз келгендігін айтып, алдағы уақытта ұстаздардың жалақысын көтеруге уәде де берді.

«Педагогтардың жалақысы тым төмен екендігімен келісемін. Біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Барлық жаңашылдықтарды педагогтармен бірге талқылайтын әдетіміз бар, сондықтан қаржылық мәселелерді де мұғалімдермен, Үкіметпен және Мәжіліспен бірге талқылайтын боламыз. Біз 2017 жылғы бюджетте педагогтардың жалақысын көтере аламыз деп үміттенемін. Педагог мамандығы әжептәуір беделді болады», - деді ол.

Есте болса, өткен айдың соңғы онкүндігінде Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында оқулықтардағы кемшіліктер талқыланып, оның барысында депутат Бекболат Тілеухан оқулықтардағы олқылықтарды сынаған болатын. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Білім және ғылым министрін дәл осы мәселеге байланысты ақпарат құралдары алдында «жекпе-жек» өткізуге де шақырған-ды.

«Ереке, бұған қазір жауап беріңіз. Қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде сізді жекпе-жекке шақырамын және сіздің жеңіп кетуіңізге шын жүректен тілектеспін. Өкінішке қарай, жеңіліп қаласыз-ау. Өйткені, ешқандай уәж жоқ. Ертең халықтың, сайлаушылдардың алдында біз жауап беруіміз керек», - деген еді депутат.

Дәл осы осы мәселеге орай сұрақ қойған БАҚ өкілдеріне жауап берген Ерлан Сағадиев:

«Бекболат Тілеуxан БАҚ алдында пікір жарыстыруды ұсынды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біз оны оқулық жөніндегі комиссияға шақырған едік. Бүгін мен Мәжіліске қоңырау шалдым. Онда 11 депутат жазылған, солардың қатарында Бекболат Тілеуxан да бар. Сол комиссияның жұмысына атсалыссын, жұмысын көрсетсін. Мен онымен баспасөзде пікірталасуға дайынмын, бірақ ол Үкіметтің жұмысы емес», - деді.

 

2018 жылы базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгереді

Ал бүгін Мемлекет басшысының 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған ҚР Үкіметіндегі баспасөз мәслихатына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келді. Ол өз сөзінде, Мемлекет басшысы халыққа соңғы Жолдауында үшінші жаңғырту кезеңіне көшу қажеттігін жариялағанын еске салды. Еліміздің әлемдегі дамыған 30 ел қатарына кіруін қамтамасыз етуді көздеген бұл қадам, әлеуметттік-еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешуде министрлік алдына да бірқатар нақты міндеттер қоятындығын баса айтты.

«Елбасының тапсырмасы бойынша 2017-2018 жылдары зейнетақыны біртіндеп көтеруді қарастырып отырмыз. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері, жылдың басында қосылған 9 пайызды ескергенде тағы 11 пайызға ұлғайтылады, базалық зейнетақы мөлшері де,  жылдың басында қосылған 7 пайызды ескергенде, тағы 13 пайызға көтеріледі. Нәтижесінде біз 2016 жылмен салыстырғанда зейнетақы мөлшерін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етеміз», - деді министр.

Оның айтуынша, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2018 жылдың 1 қаңтарынан 16 пайызға жоғарылайтынына байланысты, мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және базалық  зейнетақы мөлшері артатын болады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгереді.

«1998 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан өзгерістеріміз тұжырымдамалық, құрылымдық өзгерістер саналады. Бұрын зейнетақыны тек мемлекет төлеп келген болса, енді құрылымдық өзгеріске сәйкес зейнатақыны төлеу үшін  үш субъект жауапты болады: мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы. Бұл ретте әр азамат өзінің жауапкершілігін білуі тиіс. Зейнетке шығу үшін  қажетті жарна төлеп отыруы қажет»,- деді министр.

Оның атап өтуінше, мемлекет өз тарабынан барлық зейнетақы төлемдерін төлеп келеді және оның көлемін арттыру мәселесін де қолға алуда.

«Біз бәріміз жұмысшы ретінде жалақымыздан 10 пайыздық жарнамызды төлеп келеміз. Енді біздің зейнетақы қорымызға үшінші субъект төлем жасайды. Қазіргі уақытқа дейін жұмыс беруші қызметкеріне зейнетақы жарнасын төлеп келе жатқан жоқ. Біз өзіміздің еңбекақымыздан 10 пайыз төлеп келеміз. Енді өзгерістерге сәйкес, 2020 жылдан бастап жұмыс беруші өзінің қаражаты есебінен қосымша 5 пайыз төлейтін болады. Міне осы үш субъектіден тұратын көпдеңгейлі зейнатқы жүйесін біз 2020 жылға қарай толық түзіп бітуміз керек»,-  деді Тамара Дүйсенова.

Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының «Бузгул Аурум» ЖШС облигацияларын сатып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын айтып, халықтық зейнетақы салымдарына алаңдаушылық танытқан еді. Бұл сауалға жауап берген министр халықтың алаңдауына еш негіз жоқтығын баса айтты.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төңірегіндегі дау-дамайға қатысты айтайын дегенім, Заңға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинағына мемлекет тарабынан толық кепілдік беріледі. Азаматтар зейнеткерлікке шыққанға дейін олардың қордағы жарналары мемлекет тарабынан инфляцияға байланысты өсіріліп отырады. Яғни, біз жыл сайынғы инфляция көлемінен  төмен емес жинақталған зейнетақы қорымызды алуға тиіспіз. Егер жинақтаушы қордың дұрыс істемегендігінен, яки уақытында табыс ала алмағандығынан зейнетақы қорымыз кемитін болса, онда оны мемлекет толықтырып отырады. Ол біздің Заңымызда қарастырылған», - деді министр.

Осы ретте Тамара Дүйсенова Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз активі есебінде қаражатты жұмсағаны үшін тексеруге ұшырағандығын атап өтті.

«Шешімін сот шығарады. Бірақ, бұл мәселе біздің зейнетақы қорымыздағы қаражатқа еш қатысы жоқ. Біз оны екі жақтан бақылауда ұстап отырмыз. Ай сайын біз әрбір азаматтың еңбекақысынан қанша қаражат зейнетақы қорына кетіп жатқанын көріп отырмыз. Екіншіден, Ұлттық банк те бақылауда ұстайды», - деді ол.